Пайғамбарымыз Мәдинадағы алғашқы құтбасын Құбадағы мешітте оқыды. Әуелі Раббына мадақ айтты, сосын жамағатқа қарап былай деді:
- Уа, халайық өздерің үшін, ақыреттерің үшін, болашақтарың үшін қам жасаңдар. Ертең оның жемісін көресіңдер. Аллаға ант етемін, Раббыларыңмен бетпе-бет кездескенде ешқандай дәнекерсіз, тікелей былай дейді: "Бұл дүниенің сынақ алаңы екенін пайғамбарым айтпады ма? Мен саған осынша дүние бергенімде маған қайтарған шүкіршілігің осы ма? Олай болса сен бүгін амалыңа қарай бағаланасың". Сонда адам байғұс әуелі оңына, сосын сол жағына қарайды. Қармайтындай ешқандай тал таппайды! Ал алдында қорқынышты тозақ тұрады. Сондықтан жарты құрмамен болса да тозақтан құтылар жол іздеңдер. Егер оған шамаларың жетпесе, тым болмағанда жақсы сөз айтыңдар! Өйткені әрбір жақсылық ең аз дегенде он еселеніп қайтады, тіпті жеті жүз есеге дейін өсуі мүмкін. Сендерге Алланың рақымы мен берекесі жаусын!
Мінберде аз уақыт отырып, орнынан қайта түрегелген Алла расулы сөзін былай жалғастырды:
- Күмәнсіз, мадақ Алла үшін. Мен де Оны мадақ етемін және жәрдемді де Содан сұраймын. Нәпсілеріміздің жамандығынан Оған сыйынамын, Соның рақымдылығын күтеміз. Күмәнсіз, Алланың тура жолға салған адамын ешкім де адасытра алмайды. Адасқанын, жүрегі мөрленген адамды тура жолға салуға да ешкімнің күші жетпейді! Куәлік етемін, Алладан басқа құдай жоқ. Ол жалғыз әрі серігі жоқ. Сөздің ең жақсысы - Ұлы Рахманның кітабы! Күмәнсіз, әр адамға Алла Тағала күпірліктен кейін иманды нәсіп етіп, жүрегін иман сәулесімен нұрландырып, пенделердің алдамшы сөздерінің орнына Раббының хикметті сөздеріне бағынуды нәсіп етсе, онда ол құтқарылды деген сөз. Күмәнсіз, Алланың сөзі - сөздердің ең жақсысы, ең мағыналысы. Сендер Алланың жақсы көрген нәрселерін жақсы көріңдер және жүректеріңе Оған деген сүйіспеншілікті орнықтырыңдар. Иләһи зікірден шет қалмаңдар, әйтпесе жүректерің қатаяды. Алла оны жаратқандарының арасынан таңдауларына ғана нәсіп етеді. Істің ең қайырлысын Алла бізге көрсетіп берген. Құлдарының арасынан біразын таңдап жол көрсетуші еткен және сөздердің ішіндегі ең әсем және дұрысын ашық баяндаған. Адамдарға берілген адал мен арам нәрселер анықталып, жасырын еш нәрсе қалмаған. Аллаға құлшылық жасаңдар, ешқашан Оған басқа нәрсені серік етіп қоспаңдар. Оның қаһарынан именіп, рақымдылығынан үміттеніп, азабынан қорқыңдар. Ауыздарыңнан шыққан сөздердің ең дұрыстарымен Алланың құзырында адалдықтарыңды дәлелдеңдер. Оның рақымдылығымен, берекесінен араларыңдағы сүйіспеншілікті арттырыңдар. Күмәнсіз, Жаратушы уәденің орындалмағанын ұнатпайды және уәдесінде тұрмайтындарды жек көреді. Бәріңе Алланың нұры жаусын.
Рух пен жүректі бірден нәрлендіретін осындай ұлағатты сөздерден кейін Хақ елшісі жұма намазын оқыды. Намаздан соң жолға шықты. Бұл сапар бұрынғыдан жақын және тұрақтап қалатын мекені болатын.
"Жүрек төрінен орын алған теңдессіз тұлға Мұхаммед (ﷺ) кітабынан ІІ том 2012 жыл.